Биыл өңірде 172 мың гектар аумақта қансорғыштарға қарсы биологиялық және химиялық өңдеу шаралары жүргізіледі. Бұл былтырмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Мамандар сәуір айынан бастап өңдеу жұмыстарына кірісіп кетті. Бүгін Атамекен кенті маңында әуе арқылы улау жүргізілді. Тілші әңгімесінде.

Ертіс өзенінің жағалауы мен жайылымдарда жоспарға сай бүгін ұшақ дәрі сеуіп, өңдеді. Осы ретте Павлодар және Ақсу қалалары мен Ертіс, Ақтоғай, Тереңкөл және Павлодар аудандарын қамтылады. Айта кетейік, 10 ұшақ жұмылдырылды.

Бұдан кейін улау жұмыстары жаяу және су арқылы жүргізіледі. Қансорғыштар қанаттанбай тұрып олардың дернәсілі жойылуы керек. Бұл үшін биыл 182 мың келі биологиялық, 14 жарым мың келі химиялық дәрі дайындалды. Дәрі өзен көлдерге де себіледі.

Өңірде зиякестермен кешенді күресу үшін 3 жылдық бағдарлама бекітілді. Бұл жоспарға 8,6 млрд теңге бөлінді. Биыл улау жұмыстарына 100-ден аса адам жұмылдырылады екен. Өңдеу жұмыстары ғалымдардың бақылауымен жүргізіледі.

Әйгерім Тоқпанқызы